Алдағы үш жылда еліміздің ІЖӨ 6,8 пайызға болжанады - Ұлттық экономика министрі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015-2019 жылдар аралығында еліміздегі жалпы ішкі өнім өсімі 5,6-6,8 пайыздық өсіммен болжанады.

Бұл туралы бүгін Мәжілісте «2015-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымында мәлім болды.

Жиын барысында 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын жариялаған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев алдағы үш жылда ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 6,8 пайызға дейін болжанатындығын атап өтті. «2015 жылы ІЖӨ номиналдық көлемі 42 триллион теңгені құрайды, ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 72 триллион 800 миллиард теңгеге жетеді», - деді Ұлттық экономика министрі.

Оның айтуына қарағанда, 2015-2019 жылдар аралығына мұнайдың әлемдік бағасының болжамды деңгейі берреліне 90 долларды құрайды.