НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Шайбалы хоккейден алдағы үш жылдағы әлем чемпионаты қайда өтетіні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған турнир 2023 жылы Финляндияның Тампере және Латвияның Рига қалаларында болады.
Ал 2024 жылы ол Чехияның Прага және Острава қалаларында өтсе, 2025 жылы оны ұйымдастыру міндеті Швеция мен Данияға жүктелген.
Сондай-ақ, 2026 жылы дүбірлі дода Швейцарияда өткізілуі мүмкін. Қазір аталған мемлекет жалғыз үміткер саналып отыр.
Бұған дейін үміткер ретінде ұсынылып келген Қазақстан өз өтінімін қайтарып алды.
Бүгінде Финляндияда әлем чемпионаты өтіп жатыр. Ол 29 мамырда мәресіне жетеді.
Аталған сында Қазақстан хоккейшілері топ-дивизиондағы орнын сақтап қалды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.