Алдағы үш жылда Қазақстанда білім мен ғылымға 1,2 трлн. теңге жұмсалады

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - 2013-2015 жылдар елімізде білім мен ғылым саласының шығыстары 1,2 трлн. теңгені құрайтын болады.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырсында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заң жобасын ұсынған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, аталған соманың 411,6 млрд. теңгесі 2013 жылы бөлінбек. Бұл ағымдағы жылғы жоспардан 27,9 млрд. теңгеге артық.

«Қарастырылған қаржы аясында білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жалғасатын болады. Оған 269 млрд. теңге бағытталады, оның 91,1 млрд. теңгесі 2013 жылы игеріледі», - деді Қаржы миинстрі.

Сондай-ақ Б.Жәмішевтің атап өтуінше, «Балапан» бағдарламасы аясында 46,2 млрд. теңге сомаға мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырыстарын орналастыру жолы арқылы 227 мың баланы балабақшамен қамтамасыз ету және оқыту, жалпы сомасы 5,2 млрд. теңгені құрайтын 21 балабақшаны салу көзделген.