Алдағы үш жылда Ұлттық қор қаржысын пайдалану көлемі төмендейді - Бишімбаев
«Әлемде мұнай бағасында өзгерістер болуына байланысты 2015, 2016 жылдары бюджет кірістері төмендеді. Алайда, біз 2016 жылдың кепілдендірілген трансферттер үлесін азайтудамыз, 454 млрд. теңге қайтадан Ұлттық қорға қайтарылады. Бұл бізге қазіргі кезде алған қосымша кірістерге сүйене отырып, Ұлттық қор қаржысын пайдалану көлемін төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл биылғы қадамдар. Ал алдағы жылы Ұлттық қордан тартылатын мақсатты трансфертті азайтамыз. Өкінішке қарай, ағымдағы кезеңде Ұлттық қор қаржысын пайдаланудан толықтай бас тарта алмаймыз. Бірақта, біздің жоспарда үш жылда, яғни 2017, 2018, 2019 жылдарда бюджет шығыстарын теңдестіру қамтылған», - деді министр ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын талқылау кезінде.
Оның сөзіне қарағанда, жыл соңына дейін Президенттің қарауына ұлттық қорды басқарудың жаңа тұжырымдамасы енгізіледі.
Сонымен қатар министр болжамдарға сүйене отырып, қалыптасқан үрдістер аясында Ұлттық қор қаржысы екі-үш жылда 56-57 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеуі ықтимал екенін жеткізді.
«Сондықтан біздің мақсат бұған жол бермеуді ескеруде. Осы ретте біз барлық шығыстарды есептеп жатырмыз. Тиісті ұсыныстарды жыл соңына дейін Үкіметке, ары қарай Президент Әкімшілігіне енгізу қамтылып отыр»,-деді Қ. Бишімбаев.