Алдағы үш жылда жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға 1 трлн.-нан астам теңге бөлінеді

АСТАНА. 28 тамыз. ҚазАқпарат - Алдағы үш жылда еліміздің жылу энергетикасы мен көлік инфрақұрылымын дамытуға 1 трлн.-нан астам теңге бөлінеді.

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заң жобасын ұсынған Қаржы министрі Болат Жәмішев мәлім етті.

«Жылу энергетикасы жүйесін дамытуға 2013-2015 жылдары толықтай алғанда 190,3 млрд. теңге, оның ішінде 2013 жылға 82,3 млрд. теңге қарастырылған. Үш жылдық кезеңде көлік инфрақұрылымын дамытуға 936,5 млрд. теңге бөлу қарастырылған», - деді ол.

Миинстрдің сөзіне қарағанда, келер жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 366,2 млрд. теңге бөлініп, аталған қаржыға «Батыс Еуропа - Батыс Қытай», «Бейнеу-Ақтау-Түркіменстан шекарасы» жобаларын жүзеге асыру, республикалық маңызы бар жолдарды жаңғырту және жөндеу, жергілікті маңызы бар жолдарды, өзен және су көліктерін дамыту жалғастырылатын болады.

«Сонымен қатар, бюджет жобасында 22,4 млрд. теңгеге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қарастырылған. Атап айтқанда, «Қорғас-Жетіген» темір жолы, «Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» магистралды газ құбыры құрылысын аяқтау, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ жарғылық капиталын арттыру арқылы «ГЦПП-Осакаровкада» 220 кВ жоғары вольтты желілік шеңберді жаңғырту жүргізіледі», - деді Б.Жәмішев.