Алдағы жекпе-жекке екі есе қатты дайындаламын - Қанат Ислам

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанаға қазақстандық боксшы Қанат Ислам ұшып келді. Оның жанында бапкерлер, сондай-ақ бұған дейін Қытай жерінде өнер көрсеткен қазақ боксшысы Нұрсұлтан Жаңабаев та бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«Біз бір айы бойы Алматыда дайындалдық. Енді, жекпе-жекке дейінгі дайындықты Астанада өткіземіз деген жоспар бар. Енді, қарсыласым туралы айтар болсақ, мен сияқты әлі бірде-бер рет жеңіліп көрмеген. Оны оңай қарсылас деп санауға болмайды. Өзім барлық қарсыластарға тыңғылықты дайындалып шығамын. 24 кездесуімнің барлығында да солай болды. Менің қарсыласым да тыңғылықты дайындалып жатыр деп ойлаймын. Өйткені ол да өзім сияқты бір елдің еркесі, мықты, әлі жеңілмеген. Сол себепті басқаларға қарағанда оған екі есе қатты дайындаламын», - деді Қанат Ислам журналистерге берген сұхбатында.
 

Алматыда барлық дайындық жаттығулары ұлттық құрамамен бірге өтті. Қазіргі кезде команданың боксшылары Германияда өтетін Әлем біріншілігіне дайындалып жатыр. «Біз бір-бірізге жақсы көмектестік. Өйткені мен өзім әуесқой бокстан кеткеннен кейін бұрынғы жаттығулардың пайдасы бар. Сол үшін Мырзағали ағамызға да алғысым шексіз. Көп көмегін жасады. Оның барлығын осы жолғы жекпе-жекте көреміз. Негізі, мұның барлығы Тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын», - деп атап көрсетті боксшы «Қазақ».
 

Айта кетейік,  9-қыркүйекте Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі ғимаратында Қанат Ислам (24-0, 19КО) канадалық Брэндон Кукпен (18-0, 11КО) жұдырықтасады. Боксшылар бірінші орта салмақтағы IBF титулына  үміткерлік үшін таласады. Осы жекпе-жектің андеркартында 8 қазақстандық боксшы өнер көрсетеді. Олар -  Жаңқош Тұраров (21-0, 15КО), Жәнібек Әлімханұлы (1-0, 1КО), Мейірім Нұрсұлтанов (3-0, 2КО),  Руслан Мырсатаев (3-0, 3КО), Әли Ахмедов (7-0,5КО), Айдос Ербосынұлы (6-0, 6КО), Димаш Ниязов (11-0-3, 5КО) және Нұрсұлтан Жаңабаев (2-0, 1КО). Барлық боксшыларымыз осы уақытқа дейін бірде-бір рет жеңілмеген.