Алдағы жылдан бастап еліміздегі ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақыны қосқанда 24 мың теңге көлемінде болады

None
АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Келесі жылдан бастап еліміздегі ең төменгі зейнетақы, базалық зейнетақыны қосқанда 24 мың теңгенің көлемінде болады.

Ал ең жоғары зейнетақы 52 мың теңгеден асады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатында осы мәселе бойынша қаралған заң жобасы бойында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жауапты хатшысы Тамар Дүйсенова мәлім етті.

«Елбасының Жолдауына сәйкес біз 2011 жылы 2007 жылмен салыстырғанда, зейнетақыны 2,5 есеге арттыруымыз керек болатын. 2009 және 2010 жылдары біз зейнетақыны 25 пайызға көтердік. Ал 2011 жылы ол 30 пайызға дейін көтерілгелі отыр. Сонымен бірге базалық зейнетақының көлемі де артады. Бұл күнкөріс деңгейінің 50 пайызына тең. Яғни, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, зейнеткерлер 8 мың теңге базалық зейнетақы мен 30 пайыздық үстемесі бар зейнетақыны алады», - деді Жауапты хатшы.

Оның сөзіне қарағанда, бұрынғы зейнеткерлер мен биылғы жылы зейнетке шығатын зейнеткерлердің алатын зейнетақылары бірдей болуы үшін зейнетақы табысының көлемін 32 айлық есептік көрсеткіштен 39-ға дейін жоғарылаған. Немесе 49 мың теңгеден 58 мың 800 теңгеге дейін көтеріліп отыр. «Осыған қарай алдағы жылғы бюджетте зейнетақыны көтеру жөніндегі қаржылар толық қаралды. Базалық зейнетақыға ендігі жылы біз 168 миллиард теңге, ал ынтымақтық зейнетақыға 581 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсағалы отырмыз. Бұл қаржыны 1 миллион 671 мың адам алады», - деді Т.Дүйсенова.