Астана қаласының әкімдігі, қаланың көлік жүйесін жаңғырту шеңберінде ең алдымен әлеуметтік бағыттағы бағдарлама әзірлеген. Бұл туралы брифингте көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқарма басшысының орынбасары Әлихан Куатбеков айтты.
Оның айтуынша, алдағы жылдары Астанада жаңадан үш көпір салынады.
«Алдағы 5 жылда 121 шақырымды құрайтын жол салу және 3 көпір мен 2 жолайрық салу жоспарланып отыр. Оның бірі жол өтпе, бірі тоннель. Бұл магистральдық көшелердің көлік өткізу қуатын арттырады», - деді А.Қуатбеков.
Сонымен қатар ол, өткен 3 жылда қаламызда 110 шақырымдық жаңа жол салынғанын, 102 шақырымдық жол жөнделгенін айтып өтті.
Жыл соңына дейін 28 шақырымдық жаңа жолдың құрылысы аяқталады. Қазір қаламызда 1 102 шақырымды құрайтын 1 039 көше бар және 8 көлік айрығы, 17 автожол көпірі, 7 жер асты және 4 жер үсті жаяу жүргіншілер өткелі, 9 жол өтпесі, 1 тоннель бар.