Алдағы жылдары Қазақстан еңбек өнімділігінде ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішіне жақындамақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2025 жылға қарай Қазақстан еңбек өнімділігі бойынша ЭЫДҰ елдерінің көрсеткішіне жақындамақ. Бұл туралы бүгін Астанада өнеркәсіптердегі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға арналған бесінші халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Альберт Рау мәлім етті.

«Біз Қазақстанның инвестициялық ахуалына екі зерттеу жүргіздік. Атап айтқанда, осы талдау тұрғысында  біз Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мақсаттарын көріп отырмыз, сондай-ақ өнеркәсіп бағытында осы ұйымдағы еңбек өнімділігіне бағдарланудамыз. 2015 жылы ЭЫДҰ елдерінен орташа еңбек өнімділігі бойынша 60 пайызға қалыс келеміз. 2020 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 пайызға дейін, ал 2025 жылға қарай 30 пайызға дейін қысқартпақпыз»,-деді А. Рау.

Осы ретте ол бұл бағытта жетістіктерге қол жеткізу үшін ИИД мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы айтарлықтай ықпал ететінін қадап айтты.

«Интеграциялық жағдайда және ДСҰ аясында кәсіпорындар үшін өнімділікті арттыру басымдықты мақсатқа айналып отыр. Бірінші бесжылдықта қарқынды индустриалды даму үшін базалық жағдайлар жасалды. Осы ретте заңнамалық база, инфрақұрылым, қажетті тетіктер жүзеге асырылды. Сонымен қатар бірінші бес жылдықта жаңа жобалар барша өнеркәсіптік өндірістің 10 пайызын берді. Сол кезеңде бағдарламаға енген салалардың кең шоғыры қамтылып, оның аясында елдің барлық өнеркәсібі ескерілді. 2016 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша барша өнімнің бестен бір бөлігі жаңа жобалармен өндірілуде», - деді ол.