Алдағы жылдары Қазақстанға 14 миллионға жуық туристер келеді деп күтілуде - Нұрсұлтан Назарбаев

АНА. Қазанның 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ -  Алдағы жылдары Қазақстанға 14 миллионға жуық туристер келеді деп күтілуде.  Бұл туралы бүгін елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Дүниежүзілік туризм ұйымы Бас Ассамблеясы 18-ші сессиясының ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан  Назарбаев мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н. Назарбаевтың сөзіне қарағанда, 2008 жылы еліміздегі туризмнен түскен жалпы кіріс    74 миллиард теңгені құрады. Бұл көрсеткіш 2007 жылға қарағанда  17 пайызға артық

«Туристер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық артып отыр. Қазақстандық туристік фирмалардың мәліметі маркетингтік зерттеулері бойынша алдағы  жылдары Қазақстанға Еуропадан және Азиядан он төрт миллионға тарта туристер келеді деп күтілуде», деді Елбасы.

Осы орайда Мемлекет басшысы, туристердің елеулі ағымы 2011 жылы Астана мен Алматыда өтетін Азиада ойындарына байланыстырылып отырғанын, яғни Азиаданы өткізу еліміздегі туризмді дамытуды ынталандыра түсетінін айтып өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстанға деген үлкен қызығушылық Ұлыбритания, Жапония, АҚШ, Германия, Қытай мемлекеттері тарапынан байқалып отыр.

«Қазақстан көптеген туристермен қатар әлеуетті инвесторларды қызықтыратынына сенімдімін», деді Елбасы.