Алдағы жылдары телеарналарға қарағанда интернеттегі жарнама үлкен сұранысқа ие болады - «Қазақтелеком»

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы 4 жылда телеарналарға қарағанда интернеттегі жарнама үлкен сұранысқа ие болады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында БҰҰ-ның «Электрондық үкімет» жаһандық форумында «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев мәлім етті.

Оның айтуынша, егер осы күнге дейін адамдар теледидар алдында көп уақытын өткізіп келсе, енді адамдардың интернет желісін пайдалану уақыты артып келеді.

«Барлығы өзгеріп келеді. Менің ойымша, алдағы 3-4 жылда жарнама нарығы өзгеріске ұшырайды. Телеарна арқылы клиенттерді тартуға елеулі шығыстар жұмсаудың мәні болмайды және енді интернет арқылы клиенттерді қызықтыруға шығыстар арта түседі»,-деді «Қазақтелеком» басшысы.

Қ. Есекеевтің атап өтуінше, бүгінде ұялы байланыстың құны төмендеп келеді және талшықты-оптикалық инфрақұрылымды пайдалану қымбаттай түсті.

«Менің ойымша, сондықтан да операторлар бір мезгілде бір инфрақұрылымды пайдалану туралы шешімге келіп, маркетинг тартысы жүретін болады»,-деді ол.