Алдағы жылы «Google аудармашы» жүйесінде қазақ тілі пайда болады

None
АСТАНА. 24 желтоқсан. ҚазАқпарат - Алдағы жылы «Google аудармашы» жүйесінде қазақша-ағылшынша немесе ағылшынша-қазақша аудармасы жүзеге асырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте «Wikibilim» қоғамдық қорының басшысы Рауан Кенжеханұлы мәлім етті.

«Бұл «Wikibilim» қоғамдық қорының іске асырып жатқан қазақ тілді интернетті дамыту бағдарламасы аясындағы жобалардың бірі. Өздеріңіз жиі қолданатын «Google» жүйесінде аударма қызметі бар. Қазір осы аударма қызметінде 80 тіл жұмыс істейді, яғни бұның ішінде жекелеген сөздерді, сөйлемдерді, үлкен мәтіндерді, веб-сайттарды еркін аударатын тегін жұмыс істейтін үлкен ғаламдық жүйе бар. Бүгінде аудармада кеңінен қолданылатын негізгі жүйелердің бірі осы. Сондықтан бұл аударма қызметіне қазақ тілін қосу бастамасын осыдан 1,5 жыл бұрын қолға алған кезде, «жобаны іске асыру үшін қандай шаралар жасалуы керек?» деген сұрақпен «Google» компаниясымен байланыстық»,-деді ол.

Рауан Кенжеханұлының сөзіне қарағанда, біраз уақыт бұрын «Google» компаниясы қазақша аударма қызметі сапасын тексеру кезеңінің басталғанын жария етті. «Осы тұрғыда қазақша және ағылшын тілін жетік білетін көпшілік жүйеге емін-еркін кіріп, аудармаларға «өте жақсы» немесе «нашар» деген аралықта бағалауы тиіс. Неғұрлым көп сөйлемге баға берсек, соғұрлым тезірек қазақ тілі «Google аудармашы» қызметінде пайда болады және аударманың сапасы да жоғары деңгейде қалыптасады»,-деп нақтылап өтті ол.

Осы жұмысты жылдамдату үшін аудармаға кәсіби аудармашылар тартылатын көрінеді. Алдағы үш ай бойы оншақты кәсіби аудармашы күнделікті осы жұмыспен айналысып, 300 мыңға тарта қазақша-ағылшынша сөйлемдердің аудармаларын бағалап шығады.