Алдағы жылы қаражат жетіспеу мәселесі болмайды – вице-министр ArtSport бағдарламасы туралы

АСТАНА. ҚазАқпарат – Үкімет тарапынан «ArtSport» бағдарламасына арнайы қаржы бөлінді. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл - Президентіміздің тапсырмасына сәйкес, тұңғыш ұйымдастырылған жоба. Неігізі министрлік осы «ArtSport» бағдарламасының ережелері мен тәртіптерін пысықтауда көп сұрақ туындады. Осыларды жөндеу мақсатында нақты жұмыстар атқарылып, жаңа нормалар енгізілді.

Қаржыландыру мәселесіне келетін болсақ, бұл әр өңірдің жеке жоспарына сәйкес жүзеге асады. Дегенмен, биыл қаржы жетіспеу мәселелеріне байланысты Үкімет тарапынан «ArtSport» бағдарламасына арнайы қаржы бөлініп отыр. Болашақта әр өңір бюджеттік жоспарлау кезінде нақты есептерін жобалайды деген сенімдеміз. Қазіргі таңда воучерлер немесе басқа да жұмыс істеп жатқан мамандарға қатысты толық қаржылық мәселелер шешілді. Алдағы жылы мұндай проблемалар болмайды деген ойдамыз», - деп жауап берді Нұрғиса Дәуешов.

Ол, сондай-ақ «ArtSport» бағадарламасына қатысатын орталықтарға қойлатын талаптың күшейтілгенін атап өтті. Бұл шаралар бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне қатысты. Яғни, бүлдіршіндер қатысатын үйірмелер ұйымдастырылатын орынның инфроқұрылымы жетілген әрі қауіпсіз болуы тиіс.