Алдағы жылы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша 9,5 мың пәтер салынады

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылы «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9,5 мың пәтер салынады. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА ресми сауалына ҚР Ұлттық экономика министрлігінен хабарлады.

Министрлік мәліметінше, республикалық бюджет есебінен 2014 жылы несиелік және жалға берілетін баспана аясындағы ауданы 626,4 мың шаршы метрді қамтитын 8 мың пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Биылғы 9 айда жалпы ауданы 2015,8 мың шаршы метрді құрайтын 3 700 пәтер тапсырылды. Жыл соңына дейін 410,6 мың шаршы метр көлемдегі 4 мың пәтерді тапсыру жоспарланып отыр.

Атап айтқанда, 2015 жылы 770 мың шаршы метрге жуық ауданды құрайтын 9 500-ге тарта пәтердің құрылысын жүргізу қарастырылған.

Жалпы, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 2012-2020 жылдар аралығында барлық қаржы көздері арқылы 69 млн. шаршы метр тұрғын үйді салу қамтылған. Нәтижесінде 1 миллионға тарта отбасы немесе халықтың 20 пайызға жуығы баспанамен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.