Алдамжаров: Қалаларда газондар мен ағаштарды тазартылған ағын сулармен суаруға болады
АСТАНА. KAZINFORM — Қалалардағы көгалдар мен жасыл желектерді суару үшін тазартылған ағын суларды пайдалануға болады.
Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлім етті.
— Қалалық жағдайда газондарды суару үшін техникалық суды, яғни тазартылған ағын суларды қолдануға болады. Сондықтан мен қалалардағы парктер мен жасыл аймақтардағы газондар мен ағаштарды суару үшін тазартылған ағын суларды пайдалануды ұсынамын. Бұл су тазарту қондырғыларында өңделіп, техникалық мақсатта қайта пайдалануға жарамды, — деді вице-министр журналистер сұрағына жауап бере отырып.
Сондай-ақ баспасөз конференциясы барысында Нұрлан Алдамжаров 2025 жылғы вегетациялық кезеңнің аяқталуы туралы да мәлімет берді.
— Егістікке су беру маусымы биыл орташа көпжылдық мерзімдерден 20 күнге ерте басталды. Бұған көктемде тіркелген аномальды жоғары ауа температурасы себеп болды. Ал вегетация алдындағы кезеңде топырақтың жеткілікті ылғалданбауы, әсіресе оңтүстік өңірлердегі су шаруашылығы жағдайына кері әсер етті, — деді ол.
Бұған дейін әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, әкім Дархан Сатыбалдының газондар мен суармалы өсімдіктерден бас тартуды ұсынғаны туралы ақпарат тараған болатын. Оның айтуынша, мұндай өсімдіктерге күтім жасау қиын әрі олар жиі суаруды қажет етеді.
Осыдан бұрын Түркістан облысында ағын су тапшылығын еңсеру шаралары күшейтілгенін жазғанбыз.