Алдымен Федерация президенті сайланады, кейін құраманың бас бапкері тағайындалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясы «Астана» футбол клубын алға жетелеп жүрген Станимир Стойловтың ұлттық құраманың бас бапкері етіп тағайындалатыны туралы шыққан әңгімеге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Кезектен тыс Конференция өткен кезде, яғни 10 ақпан күні ғана ұлттық құраманың бас бапкерінің кім болатыны белгілі болады. Сол кезде Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланады. Өздеріңіз білетіндей, Сейілдә Байшақов отставкаға кеткен болатын. ҚФФ-ты кімнің басқаратыны мәлім болған уақытта бас бапкердің кім болатыны анықталады», - дейді ҚФФ баспасөз хатшысы Ербол Қайыров.

Бұған дейін біршама БАҚ көздері әзербайжандық «Габала» футбол клубының бас жаттықтырушысы Роман Григорчук «Астананы», ал Станимир Стойлов ұлттық құраманы басқарады деген мәлімет таратқан болатын.

«Астана» футбол клубы аталған мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлады.

«Қазіргі уақытта команда жоспар бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жаттықтырушылар штабында ешқандай өзгеріс жоқ», - деп хабарлайды клубтың баспасөз қызметінен.

Айта кетсек, Сейілдә Байшақов отставкаға кеткеннен кейін аймақтық федерациялардың өкілдері бірауыздан аталған орынға Әділбек Жақсыбековтің кандидатурасын ұсынған еді. Ал нақты шешім 10 ақпанда Астанада өтетін кезектен тыс конференция кезінде қабылданады.