Алдын ала болжам бойынша Меккеде кептеліс салдарынан қаза тапқандар қатарында қазақстандықтар жоқ - ҚР СІМ
16:00, 24 Қыркүйек 2015
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдын ала болжам бойынша Сауд Арабиясының Мина жазығында (Меккеге таяу жерде) кептеліс салдарынан қаза тапқандар қатарында қазақстандықтар жоқ. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Ануар Жайнақов хабарлады.
ҚР СІМ мәліметі бойынша қазіргі сәтте Меккеде 4000-дай қазақстандық қажылық парызын өтеп жатыр.
Еске сала кетейік, бүгін Сауд Арабиясының Мина жазығында кептеліс салдарынан қажылыққа барған 220-дан астам адам қаза тауып, 450-ден астам адам зардап шекті.
Мина жазығында қаза тапқандар мен жарақаттанғандар қай ұлт өкілдері екендігі туралы ақпарат келіп түскен жоқ.
Таңертең мұсылмандар үшін киелі қала - Меккеден бірнеше шақырым жерде орналасқан Мина жазығында мұсылмандардың Ид әл-Адха - Құрбан айт мерекесінің құрметіне оқылған намазға көптеген елдерден келген жүздеген мың қажы жиналған еді.