Естеріңізге сала кетейік, бүгін елімізде Парламент Сенатының депутаттарын сайлау өтіп, оған 14 облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан 16 депутат сайланған болатын. Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Парламенттің жоғары палатасының депутаттары болып сайланған барлық 16 депутат «Нұр Отан» партиясының мүшесі болып табылады. Осыған орай партия Төрағасының Бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин сайлау қорытындыларына қатысты түісініктеме берген болатын. «Парламент Сенатының сайлауында «Нұр Отан» партиясы, билік партиясы ретінде өз кандидаттарын барлық аймақтарда ұсынған болатын. Орталық сайлау комиссиясының мәліметтері бойынша, біздің барлық кандидаттарымыз үлкен жеңіске жетті. Бұл - ең алдымен, Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық бағытын Қазақстан халқының толық қолдауының тағы бір нақты дәлелі», - деді ол.
Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың алдын ала қорытындыларын бүгін сағат 17-00-де жариялайтын болады.