Отырыста Мемлекеттік хатшы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаҺандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес инновациялық қызметтің нәтижелері өндіріске енгізілуі тиіс екенін және бұл әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықты алуға талпынудың шарттарының бірі болып табылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында атап көрсеткендей, бізге ашықтық және ең озық жетістіктерді қабылдай білуіміз аса қажет.
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығы ғылым мен техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегін жоғары тану болып табылады.
Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлығын алу үшін барлығы 24 жұмыс келіп түсті. Отырыста секция ұсынымдары мен мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама қорытындылары қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша Комиссия Қазақстан Республикасының әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылған жұмыстардың алдын ала іріктеуден өткен тізбесін бекітті. Бұл жұмыстардың тізімі қоғамның кең түрде талқылауы үшін республикалық баспасөз беттерінде жарияланады.
Секция жетекшілеріне екінші кезеңде Комиссия отырысында айтылған ұсыныстарды, бұқаралық ақпарат құралдарында берілген талқылауларды ескере отырып, алдын ала іріктеуден өткен жұмыстарды одан әрі қарау тапсырылды.
Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы 2017 жылғы Мемлекеттік сыйлықтың ақшалай көлемі 18,6 млн.теңгені құрайды.