Александр бағандары қоршауының қола қыраны табылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат Лента.ру сайтына сілтеме жасап.
Ұрлады деген күдікпен Ленинград облысы Отрадный қаласының тұрғыны 27 жасар Павел Русяев ұсталды. Қалалық мүсін мұражайы қола қыранды 40 мың рубльге бағалаған.
Күдікті өзінің кінәсін мойындады, қыранды сатпаған: ол қоладан жасалған құсты өз достарының үйінде сақтап келген. Оны шұғыл іздеу бөлімінің қызметкерлері сол жерден тапқан.
Сарай алаңындағы Александр бағандары қоршауының қоладан жасалған әшекейлерінің қолды болуы 2008 жылдың көктемінен бері тұрақты түрде тіркеліп келеді. Бастапқыда бірнеше қырандар мен сүңгілердің ұштары жоғалған. Олардың ұрланғаны Bosco компаниясы алаңдағы мұз айдынын жапқаннан кейін, наурыз айында анықталған. Сәуірде тағы тоғыз қыран ұшты-күйлі жоқ болған, бірақ олардың үшеуін милиционерлер ізін суытпай тапқан. Тағы бір ұрлық шілдеде орын алды. Ленинград облысы Отрадный қаласында қыркүйектің 1-інде ұсталған адамның әрекеті дәл осыған қатысты болып шыққан. 2008 жылдың шілдесінде тағы бір ұрлық орын алған, бірақ айыптылар табылып, олардың ісі сотқа берілді.