Александр Бразевич «Қызылжардың» бас бапкері қызметінен кетті
АСТАНА. KAZINFORM — Бұл жөнінде петропавлдық клубтың баспасөз қызметі мәлім етті.
Хабарламада команда басшылығы Александр Бразевич пен оның көмекшісі Игорь Тарловскийге атқарған еңбегі мен команданың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс білдірген.
А. Бразевич командаға биыл қызметке келді. Қазірге дейін петропавлдық команда бірде-бір мәрте жеңіске жеткен жоқ. Екі рет тең түссе, екеуінде қарсыласына есе жіберді. Турнир кестесінде небәрі екі ұпаймен он бірінші орында тұр.
Белорусь маманы бұған дейін литвалық «Таурас» және «Жальгирис», белорустік «Динамо-Брест, «Слуцк», «Смолевичи», «Торпедо» командаларын жаттықтырған.
Айта кетсек, оған дейін аталған қызметте болған Әли Әлиевпен келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты клубтағы бапкерлік қызметінен кеткен болатын.
Еске салсақ, Қазақстан кубогында «Қызылжар» командасы «Қайсарды» жеңіп, ширек финалға жолдама алды.