АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 82-ракеткасы Александр Бублик Финикс (АҚШ) челленджер турнирінің финалына өтті.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 36-ыншы, осы жарыстың 1-ракеткасы, португалиялық Нуно Боржештен айласын асырды. Бублик 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 5 минутқа созылған бәсекеде Александр 16 эйс жасап үлгерді. Оған қоса 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Боржеш 1 эйс, 1 брейкпен (3 брейк-пойнт) шектелді.
А. Бублик финалда әлемнің 80-ракеткасы, 18 жастағы бразилиялық Жоао Фонсекамен чемпиондық атақты сарапқа салады. Ол рейтингіде 76-орындағы жапониялық Кей Нисикориды жеңді – 6:3, 6:3.
Доданың жүлде қоры – 250 мың АҚШ доллары. Турнир жеңімпазы 38 420 доллар табыс тауып, 175 рейтингілік ұпайға ие болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің АҚШ-тағы жарыстың жартылай финалына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).