Александр Бублик әлемдік рейтингіде ТОП-10-ға қайта кіре ала ма

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик 13-19 сәуірде өтетін Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінде өнер көрсетеді.

Ірі жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жеребе бойынша алғашқы айналымда Польша өкілі Хуберт Хуркачпен кездесуі тиіс еді.

Х.Хуркач додаға қатысудан бас тартуына байланысты оның орнына рейтингіде 163-орындағы словакиялық Алекс Молчан шақыртылды.

Өткен аптада А.Бублик Монте-Карло мастерс турнирінің ширек финалына дейін жетіп, онда әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарасқа жол берген еді. Ал әлемнің 10-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев Монте-Карлода сәтсіздікке тап болды. Сөйтіп А.Бублик ATP Live рейтингісінде 3 535 ұпаймен Д.Медведевке (3 560) жақындай түсті.

Өткен жылы А.Бублик Мюнхенде алғашқы айналымнан аса алмаған болатын. Демек, биыл табысты өнер көрсетсе, ұпай қорын толықтырып, рейтингіде көтеріле алады.

Мюнхенде өткен жылы үздік шыққан германиялық Александр Зверев биыл бірінші ракетка ретінде жарысты бастайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина Штутгарт турнирінде үздік нәтижесін қайталай ала ма, соны жазған болатынбыз.