АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартылған рейтингіні жария етті.
Өткен аптада Дубай АТР 500 турнирінің финалына дейін жеткен Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Александр Бублик рейтингіде 23-тен 20-ға көтерілді.
Бұл — оның спорттық жолындағы ең үздік, рекордтық көрсеткіші.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко 47-ден 51-ге сырғыса, Тенерифе (Испания) челленджер жарысының жеңімпазы атанған Михаил Кукушкин 165-тен 140-қа жоғарылады.
Денис Евсеев 179-дан 180-ге, Бейбіт Жұқаев 190-нан 191-ге түсіп қалды.
Есесіне Аргентинадағы Тукуман ITF додасының финалына өткен Дмитрий Попко 309-дан 276-ға, Тимофей Скатов 272-ден 269-ға шықты.
Д.Попко бүгін финалда бразилиялық Педро Сакамотомен ойнайды.
Жұптық сында Александр Недовесов 49-дан 45-ке көтерілсе, Андрей Голубев 70-тен 71-ге төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің қатарынан екінші рет челленджер турнирінде чемпион атанғанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).