АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 30-ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінің жартылай финалына жолдама алды.
Жарыстың 1-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда отандасы, әлемдік рейтингіде 110-орында тұрған Александр Шевченкомен жолықты.
Бублик қарсыласын 6:4, 6:2 есебімен ұтты.
Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Бублик 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Шевченко 2 эйс жасағанымен, 5 брейк-пойнттан ештеңе шығара алмады.
Жүлде қоры 596 035 еуроға бағаланған доданың финалына шығу үшін А.Бублик әлемнің 103-ракеткасы, нидерландылық Ботик ван де Зандсхулп немесе рейтингіде 152-сатыдағы бразилиялық Тьяго Уайлдтың қай жеңгенімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Вашингтон турнирінің ширек финалына өткенін жазған едік.
Сондай-ақ Зарина Дияс Португалиядағы турнирдің ширек финалына жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).