АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик Кицбюэль (Аустрия) ATP 250 турнирінде үздік шықты.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 100-ракеткасы, франциялық Артур Казомен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бублик 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 24 минутқа созылған бәсекеде Александр 5 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Казо 7 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, Александр Бублик спорттық жолында ATP додаларында жетінші, биылғы үшінші титулына қол жеткізді. Ол алдағы дүйсенбіде жаңартылатын рейтингіде 25-орынға көтеріледі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің екінші рет топырақ төсенішіндегі турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).