Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркеліп, екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші беташар кездесуін дүниежүзілік рейтингіде 72-орында тұрған франциялық Грегуар Баррермен өткізді.
Дэвис кубогін есепке алмағанда, осыған дейінгі додаларда алты рет қатарынан ұтылған А.Бубликке жеңіс ауадай қажет еді. Бұл жолы ол 1 сағат 7 минутқа созылған матчта қарсыласынан 6:4, 6:2 есебімен басым түсті. Бәсеке барысында Бублик 11 эйс жасап, 3 брейк-пойнтты түгел пайдаланды.
Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін рейтингіде 226-сатыдағы тағы бір франциялық, 20 жастағы Джованни Мпетчи Перрикармен таласады.
Қазақстандық теннисші жұптық сында да ресейлік Александр Шевченкомен бірге жартылай финалға өтуге тырысады. Олардың қарсыласы – турнирдің 3-ракеткалары, ұлыбританиялық Ллойд Глaсспул – монаколық Хьюго Нис.
Жүлде қоры 673 630 еуроға бағаланған Антверпен додасы 22 қазанда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында Стокгольмде жарыстың 1-ракеткасын ұтқанын жазған болатынбыз.