Александр Бублик Бельгиядағы жарыстың жартылай финалына өтті

Фото: Фото: ҚТФ

Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Бельгиядағы Антверпен ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты, деп хабарлайды Kazinform.

Жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингте 226-орында тұрған 20 жастағы франциялық Джованни Мпетчи Перрикармен сынға түсті.

Бірінші партияда Александр 6:4 есебімен басым түсті. Екіншісінде франциялық спортшы есе қайырды - 6:4.

Шешуші, үшінші сетте Бублик 3:1 есебімен алға кетті. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді - 6:2.
Сағат жарымға жуық уақытқа созылған матчта А.Бублик 8 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 18 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 96-ракеткасы, франциялық Хьюго Гастон немесе рейтингте 127-сатыдағы германиялық Максимилиан Мартерердің біреуімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның ITF турнирінің финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.