Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің жартылай финалына өтті

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің жартылай финалына өтті.

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген А.Бублик ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 36-орында тұрған чехиялық Иржи Лехечкамен кездесті.

Бірінші партияда чехиялық спортшы 2:0 есебімен алға шыққанымен, қазақстандық теннисші таразы басын теңестіріп қана қоймай, басымдылық көрсетті – 6:4.

Екінші сетті А.Бублик бірден брейкпен бастады – 2:0. Содан кейін тағы бір брейк жасап, есепті 4:1-ге жеткізген сәтте И.Лехечка матчты жалғастырудан бас тартты.

Бір сағатқа жетпейтін уақытта А.Бублик 6 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланып үлгерді. 

Александр Бублик финалға шығу үшін әлемнің 5-ракеткасы, ресейлік Андрей Рублев немесе рейтингіде 33-сатыдағы америкалық Себастиан Корданың біреуімен таласады.

Қазақстандық теннисші қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде 20-орынға көтеріліп тұр. Бұл ол үшін рекордтық көрсеткіш болмақ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Мексикада Акапулько ATP 500 турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.