Александр Бублик Дубай турнирінің финалында ұтылып қалды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің финалында ұтылып қалды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 18-ракеткасы, франциялық Уго Умбермен шеберлік байқасты.
Осыған дейін А.Бублик ATP жарыстарында 10 рет финалға шығып, соның төртеуінде жеңімпаз атанған еді.
Бұл жолы бірінші партияны У.Умбер брейкпен тәмамдады – 6:4. Ол екінші сетте 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры үшінші матчболын құр жіберген жоқ – 6:3.
Бір сағат 25 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 8 эйс жасап, 2 брейк-пойнтты пайдалана алмады. У.Умбер 9 эйс, 2 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
ATP додаларында алты рет финалға шығып, бәрінде чемпион атанған франциялық теннисші алдағы дүйсенбіде әлемнің 14-ракеткасы атанбақ.
А.Бублик соңғы бәсекеде жеңіліп қалғанына қарамастан, рейтингіде 19-орынға көтеріледі. Бұл оның рекордтық көрсеткіші болмақ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Дубайда әлемнің 5-ракеткасын жеңіп, финалға шыққанын жазған едік.
Сондай-ақ Жібек Құламбаева Үндістандағы жарыстың жеңімпазы атанды.