Александр Бублик Дубайда 22 эйс жасап, ширек финалға шықты

Фото: Фото: ҚТФ

ДУБАЙ. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 23-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің ширек финалына өтті.

Жарыстың 7-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 28-орында тұрған нидерландылық Таллон Грикспормен сынға түсті.

Матчтың тартысты өткені сондай, екі сет те тай-брейкпен аяқталды. Онда А.Бублик 7:6 (10:8), 7:6 (7:2) есебімен басымдылық танытты.

Екі сағатқа жуық уақытқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 22 эйс жасап, 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Т.Грикспор 7 эйс, 1 брейкпен (4 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Бублик жүлде қоры 2,9 млн АҚШ долларына бағаланған доданың жартылай финалына шығу үшін әлемнің 15-ракеткасы, ресейлік Карен Хачанов немесе рейтингіде 38-сатыдағы чехиялық Иржи Лехечканың біреуімен таласады.

А.Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде қайтадан 21-орынға көтеріліп тұр. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Шевченконың Дубайда жарыстың 1-ракеткасына жол бергенін жазған едік.