АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 46-ракеткасы Александр Бублик Дубай ATP 500 турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 7-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен шеберлік байқасты.
Қарсыластар осыған дейін бес рет кездесіп, бәрінде де ресейлік спортшы жеңіске жеткен еді.
Бұл жолы Д.Медведев бірінші партияда 6:4 есебімен басым түсті. Ол екінші сетте де брейк жасап, 3:1 есебімен алға кетті. Содан кейін қарқынын үдете түсті – 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 5 эйспен ғана көзге түсті. Ресейлік теннисші 5 эйспен бірге 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдалана білді.
Д.Медведев жартылай финалға шығу үшін әлемнің 20-ракеткасы, хорватиялық Борна Чоричпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің Еуропадағы үздік 50 ойыншының қатарына кіргенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Гөзал Айнитдинова Астанадағы жарыстың екінші айналымына өтті.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).