АСТАНА. KAZINFORM — Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) жаңартқан әлемдік рейтингіде қазақстандық теннисшілердің орны белгілі болды.
Ролан Гаррос турнирінде сәтті өнер көрсетіп, өз спорттық жолында алғаш рет ширек финалға дейін жеткен Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 62-ден бірден 43-орынға көтерілді.
Өткен жылы әлемдік рейтингіде 17-сатыға дейін жоғарылаған қазақстандық теннисші ТОП-40-қа кіруге жақын тұр.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко 103-тен 100-ге шықса, Дмитрий Попко 164-тен 170-ке, Михаил Кукушкин 163-тен 182-ге құлдырады.
Есесіне Тимофей Скатов 233-тен 214-ке биіктесе, Бейбіт Жұқаев 230-дан 246-ға түсіп қалды.
Жұптық сында Александр Недовесов 143-тен 158-ге төмендеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның әлемдік рейтингіде рекордтық нәтижеге қол жеткізгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).