Александр Бублик эйс саны жөнінен әлемде үздік бестікке кірді

Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 11-ракеткасы Александр Бублик эйс саны жөнінен маусым қорытындысы бойынша таңдаулылар қатарынан көрінді.

Қазақстандық теннисші 674 эйс жасап, бесінші орынға ие болды.

Әлемнің 6-ракеткасы, америкалық Тейлор Фриц 867 эйспен көш бастаса, оның отандасы Райлли Опелка (790) екінші, канадалық Феликс Оже-Альяссим (783) үшінші сатыға жайғасты. 

Чехиялық Якуб Меншик Бубликтен 679 эйспен сәл ғана озып, төртінші орынға табан тіреді.

А.Бублик сонымен қатар сенсациялық нәтиже бойынша әлемде ТОП-5-ке кірді. Ол Галле (Германия) ATP 500 турнирінің екінші айналымында көшбасшы теннисшілердің бірі, италиялық Янник Синнерді 3:6, 6:3, 6:4 есебімен ұтқан болатын. 

Қазақстандық теннисші биыл спорттық жолында үздік маусымын өткізіп, Галлеге қоса Гштаад (Швейцария), Ханчжоу (Қытай) және Кицбюель (Аустрия) ATP 250 жарыстарында үздік шықты. Соның нәтижесінде әлемдік рейтингіде 11-орынға көтерілді.

Бұдан бұрын Қазақстанның әйелдер арасында бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина осы маусымда 78 матчта 516 эйс жасап, озық көрсеткішке қол жеткізген болатын. Ол 66 ойында 373 эйске қол жеткізген чехиялық Линда Носковадан қара үзіп кетті.

Е.Рыбакина биыл Страсбург (Франция) және Нинбо (Қытай) WTA 500 және Эр-Риядта жылдың қорытынды турнирінде чемпион атанды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакина әлемде эйс саны жөнінде үздік атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ 18 жастағы Әмір Омарханов әлемдік рейтингіде бірден 241 сатыға жоғарылады