АСТАНА. ҚазАқпарат – Марсельде (Франция) ATP 250 турнирінің жеребесі тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш турнирде Қазақстанның бірінші, әлемнің 50-ракеткасы Александр Бублик бақ сынайды.
Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 69-орында тұрған сербиялық Филип Краиновичпен кездеседі.
Осыған дейін оныншы рет қатарынан жеңіліс тапқан А.Бублик 20 ақпанда өтетін ойында ұта ала ма, оны уақыт көрсетеді.
Жарыстың бірінші ракеткасы болып дүниежүзілік рейтингте 10-орында тұрған поляк Хуберт Хуркач тіркелген. Жарысты екінші айналымнан бастайтын ол Артур Риндеркнеш (Франция) – Леандро Риди (Швейцария) матчының жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Әлемнің 14-інші, доданың 2-ракеткасы, италиялық Янник Синнер екінші айналымда ресейлік Роман Сафиуллин немесе франциялық Артюр Филдің біреуімен ойнайды.
Марсель жарысы 26 ақпанда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Дубай турниріндегі қарсыласы анықталғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).