АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Бублик Францияда өтіп жатқан Экс-ан-Прованс челленджер турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 180-орында тұрған италиялық Риккардо Бонадиомен өткізді.
А.Бублик 7:6 (7:5), 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 37 минутқа созылған бәсеке барысында А.Бублик 10 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды.
Қазақстандық спортшы екінші айналымда әлемнің 114-ракеткасы, финляндиялық Отто Виртаненмен шеберлік байқасады.
Экс-ан-Прованс додасы 7 мамырда мәреге жетеді.
Тағы бір қазақстандық Александр Недовесов жұптық сында Кальяри (Италия) челленджер турнирінің алғашқы айналымында сербиялық Никола Качичпен бірге аустриялықтар Александр Эрлер – Лукас Мидлермен ойнап, 6:7 (5:7), 4:6 есебімен жеңіліс тапты. Сөйтіп ширек финалға шыға алмады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдерінің іріктеу турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).