АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Метц (Франция) ATP 250 турнирінің финалына жолдама алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші жартылай финалда дүниежүзілік рейтингіде 284-орында тұрған, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы, швейцариялық Станислас Вавринкамен кортқа шықты.
Бірінші партияда есеп 2:1 болып, А. Бублик брейкпен алға шыққан кезде С. Вавринка жарақатына байланысты матчты жалғастырудан бас тартты.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 65-ракеткасы, италиялық Лоренцо Сонегомен бас жүлдені сарапқа салады.
Италиялық спортшы жартылай финалда біршама тартысты өткен бәсекеде әлемнің 10-ракеткасы, Польша өкілі Хуберт Хургачты сүріндірді – 7:6 (7:5), 6:4.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Франциядағы турнирдің жартылай финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қазақстандық теннисші Португалиядағы турнирдің финалына шыға алмады .
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).