АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 44-ракеткасы Александр Бублик Метц (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыстың жетінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 51-орында тұрған финляндиялық Эмил Руусувуоримен кездесті.
Бірінші партияда тай-брейкте фин теннисшісі басым түсті - 7:6 (7:4).
Екіншісінде Бублик есе қайырды - 6:4.
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші 3:1 есебімен алға шықты. Ақыры матчты жеңіспен тәмамдады - 6:3.
Екі сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 13 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді.
А.Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 31-ракеткасы, даниялық Хольгер Руне немесе рейтингте 61-сатыдағы франциялық Бенджамин Бонзидің біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Франциядағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық теннисші Португалиядағы жарыстың ширек финалына шықты.
Фото: ktf.kz
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).