Александр Бублик Франциядағы турнирдің жартылай финалында ойнайды
ЛИОН. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Лион (Франция) ATP 250 турнирінің жартылай финалына шықты.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші ширек финалда дүниежүзілік рейтингіде 57-орында тұрған ресейлік Павел Котовпен аса тартысты кездесу өткізді.
Бірінші партияда ресейлік спортшы тай-брейкте басымдылық танытты - 7:6 (7:4). Екіншісінде Бублик дәл сондай есеппен есе қайырды - 7:6 (7:4).
Үшінші, шешуші сетте Бублик жеңісті жұлып алды - 6:3.
Үш сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 11 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Котов 3 эйспен бірге 17 брейк-пойнттың төртеуін ғана өз есебіне жазды.
Александр Бублик финалға шығу үшін франциялықтар, әлемнің 104-ракеткасы Юго Гастон немесе рейтингіде 117-сатыдағы Джованни Мпетчи Перрикардың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының екінші жыл қатарынан әлем чемпионатына жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Тимофей Скатов Германиядағы жарыстың жартылай финалына өтті.