ЛИОН. KAZINFORM - Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Александр Бублик Лион (Франция) ATP 250 турнирінің финалына шыға алмады.
Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 117-ракеткасы, корт иесі Джованни Мпетчи Перрикарға есе жіберді - 4:6, 5:7.
Бір сағат 17 минутқа созылған бәсеке барысында қазақстандық спортшы 8 эйспен бірге 2 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (10 брейк-пойнт) көзге түсті.
А.Бублик спорттық жолында алғаш рет топырақ төсенішіндегі ATP жарысының жартылай финалына шықты. Ендігі мақсат - Ролан Гаррос турнирінде табысты өнер көрсету.
А.Бублик қазіргі кезде ATP Live рейтингісінде қайтадан 17-орынға көтеріліп тұр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы турнирдің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Михаил Кукушкин Ролан Гаррос турниріне жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).