Александр Бублик Германиядағы жарысты жеңіспен бастады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Александр Бублик Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінде іріктеу сайысының финалына шықты.
Іріктеу додасының 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші алдымен дүниежүзілік рейтингіде 130-орында тұрған Швейцария өкілі Александр Ричардпен жолықты.
Бублик 6:2, 6:3 есебімен сенімді жеңіске қол жеткізді.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Бублик 5 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жібермеді. Ричард 2 эйстен аса алмады.
Александр іріктеу сайысының финалында рейтингіде 546-сатыдағы германиялық, 17 жастағы Диего Дедура-Паломероны жеңсе, негізгі турнирде бақ сынайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдерінің екінші рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Александр Шевченко Мюнхенде іріктеу сайысының финалына өтті.