Александр Бублик Германиядағы жарыстың ширек финалына шықты

Фото: Фото: Қазақстан теннис федерациясы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 21-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруфпен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда А.Бублик 6:3 есебімен басымдылық танытты.

Екіншісінде германиялық спортшы тай-брейкте есе қайырды - 7:6 (7:4).

Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші жеңісті жұлып алды - 6:3.

Екі сағат 14 минутқа созылған кездесуде Бублик 23 эйс жасап, 14 брейк-пойнттың төртеуін пайдалана білді. Қарсыласы 14 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.

Александр Бублик жартылай финалға шығу үшін әлемнің 9-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен таласады.

Ол екінші айналымда отандасы Лоренцо Сонегоны сүріндірді - 6:7 (4:7), 6:4, 6:4.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның жұптық сында Берлин турнирінің ширек финалына өткенін жазған болатынбыз.