Александр Бублик Мадрид мастерс турнирінің екінші айналымына өтті

Фото: Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 75-ракеткасы Александр Бублик Мадрид мастерс турнирін жеңіспен бастады. 

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 38-ракеткасы, америкалық Алекс Михельсеннің мысын басты.

Бірінші партияда америкалық спортшы есеп 5:4 болған мезетте сетке доп бергенімен, сол мүмкіндігін мүлт жіберді. Тай-брейкте Бубликтің асығы алшысынан түсті — 7:6 (7:2).

Екінші сетте де қазақстандық теннисші тай-брейкте таразы басын өзіне аударды — 7:6 (7:4).
Бір сағат 47 минутқа созылған тартысты бәсеке барысында Александр Бублик 11 эйспен бірге 8 брейк-пойнттың тек біреуін пайдаланды. Михельсен 1 эйс, 1 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.

Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 26-ракеткасы, аустралиялық Алексей Попыринмен шеберлік таластырады. 

Өткен жылы Александр Бублик Мадридте төртінші айналымға дейін жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Рим турнирінің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.