АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Александр Бублик Марсель (Франция) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемдік рейтингіде 128-орында тұрған франциялық Ришар Гаскемен өткізді.
Жаңа маусым басталғаннан бері сәтсіз өнер көрсетіп жүрген Бублик бұл жолы 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бір сағат 23 минутқа созылған бәсекеде Бублик 13 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Гаске 2 эйс, 1 брейктен (3 брейк-пойнт) аса алмады.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 17-ракеткасы, жарыстың өткен жылғы жеңімпазы, франциялық Уго Умбермен таласады.
Жүлде қоры 767 545 еуроға бағаланған Марсель додасы 16 ақпанда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Доха турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).