АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 80-ракеткасы Александр Бублик Майами (АҚШ) мастерс турнирінің екінші айналымына өтті.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін әлемнің 36-ракеткасы, аргентиналық Себастьян Баэспен өткізді.
Қарсыласының ATP рейтингісінде жоғары тұрғанына қарамастан, Бублик сәтті ойнай білді — 6:3, 6:4.
Бір сағат 10 минутқа созылған бәсеке барысында Александр Бублик 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын пайдаланды. Себастьян Баэс бірде-бір эйс жасай алмай, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана өз есебіне жазды.
Александр Бублик үшінші айналымға шығу үшін әлемнің 13-ракеткасы, америкалық Томми Полмен шеберлік таластырады.
Осы айдың 30-ында аяқталатын Майами мастерс турнирінің жүлде қоры 9 млн АҚШ долларынан асады.
Өткен жылы Александр Бублик екінші айналымнан аса алмаған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы турнирдің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).