Александр Бублик Монпелье турнирінің ширек финалына жолдама алды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 27-ракеткасы Александр Бублик Монпелье (Франция) ATP 250 турнирінің ширек финалына жолдама алды.
Бұдан екі жыл бұрын осы жарыста үздік шыққан қазақстандық теннисші биыл доданың 2-ракеткасы болып тіркелген.
Турнирді екінші айналымнан бастаған А.Бублик дүниежүзілік рейтингіде 137-орында тұрған канадалық Денис Шапаваловпен шеберлік таластырды.
Канадалық теннисші кезінде рейтингіде 10-орынға дейін көтерілген ойыншы еді. Сондықтан ойын аса тартысты өтіп, бірінші партияда Д.Шаповалов шыдатпады – 6:1.
Екіншісінде тай-брейкте А.Бублик қарымта қайырды – 7:6 (14:12).
Үшінші, шешуші сетте қазақстандық теннисші брейкпен алға кетті – 3:0. Ақыры матчты жеңіспен түйіндей алды – 6:3.
Екі сағат жарымға жуық уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 6 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Шаповалов 16 эйс, 3 брейкпен (6 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик жартылай финалға өту үшін отандасы, әлемнің 59-ракеткасы Александр Шевченко немесе рейтингіде 104-сатыдағы франциялық Грегуар Баррердің біреуімен таласады.
Жалпы жүлде қоры 579 мың еуроға бағаланған жарыс 4 ақпанда мәресіне жетеді. Өткен жылы мұнда әлемнің 4-ракеткасы, биылғы Аустралия ашық біріншілігінің жеңімпазы, италиялық Янник Синнер чемпион атанған еді. Биыл ол додаға қатыспайды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 255-ракеткасы Михаил Кукушкин Кобленц (Германия) челленджер турнирінің ширек финалынан тыс қалды. Ол екінші айналымда әлемнің 222-ракеткасы, америкалық Мартин Дамға есе жіберді – 6:7 (1:7), 7:5, 6:7 (3:7). Бұл бәсеке де тартысты өтіп, 2 сағат 45 минутқа созылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Монпелье турнирінің екінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Таиландтағы турнирдің ширек финалына өтті.