АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 76-ракеткасы Мюнхен (Германия) ATP 500 турнирінің іріктеу сайысын сәтті аяқтады.
Қазақстандық теннисші іріктеу сайыстарының финалында дүниежүзілік рейтингіде 546-орында тұрған германиялық, 17 жастағы Диего Дедура-Паломеромен шеберлік байқасты. Екі сет те 6:3 есебімен Бубликтің пайдасына шешілді.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде А.Бублик 2 эйспен бірге 10 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Германиялық спортшы 2 брейкпен шектелді. Осылайша, Александр Бублик 14-20 сәуір аралығында өтетін негізгі жарысқа жолдама алды.
Тағы бір қазақстандық Александр Шевченко іріктеу сайыстарының финалында хорватиялық Бора Гойодан жеңіліп қалды 4:6, 4:6.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының іріктеу турнирінің финалына шыққанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).