АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 47-ракеткасы Александр Бублик Хертогенбос (Нидерланд) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 126-орында тұрған бельгиялық Давид Гоффенмен өткізді.
Александр Бублик 7:5, 7:5 есебімен жеңіске жетті.
Бір жарым сағаттан астам уақытқа созылған матчта А. Бублик 8 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың тең жартысын пайдалана білді. Қарсыласы 1 эйс, 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Александр Бублик екінші айналымда әлемнің 9-шы, осы жарыстың 2-ракеткасы, италиялық Янник Синнермен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Бейбіт Жұқаевтың Пуэрто-Рикодағы турнирді жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Қазақстанның жас теннисшілері Қырғызстандағы турнирде үздік шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).