Александр Бублик Париж мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады
Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Париж мастерс турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 17-ракеткасы, болгариялық Григор Димитровпен шеберлік байқасты.
Мұның алдында әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевті жолдан тайдырған болгариялық спортшы бұл жолы да басымдылық танытты. Қорытынды есеп – 6:2, 6:2.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бублик 5 эйс жасап, 3 брейк-пойнттың біреуін ғана пайдаланды. Димитров 2 эйс, 5 брейкпен (9 брейк-пойнт) көзге түсті.
Енді Григор жартылай финалға шығу үшін аргентиналық Франсиско Серундоло немесе Польша өкілі Хуберт Хуркачтың біреуімен таласады. Ал Франция астанасындағы мастерс жарысы 5 қарашада аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының ширек финалға бір қадам жетпей тоқтағанын жазған болатынбыз.