Қазақстанның бірінші, әлемнің 33-ракеткасы Александр Бублик Париж мастерс турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 20-ракеткасы, Чили өкілі Николас Харримен шеберлік байқасты.
Александр Бублик қос тай-брейкте 7:6 (7:3), 7:6 (7:3) есебімен басым түсті.
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде қазақстандық спортшы 10 эйс жасағанымен, 6 брейк-пойнтты өз пайдасына шеше алған жоқ. Есесіне тай-брейкте сәтті ойнады. Чилилік теннисші 6 эйспен (4 брейк-пойнт) шектелді.
Бірінші айналымда А.Бублик әлемнің 14-ракеткасы, америкалық Фрэнсис Тиафоны жолдан тайдырған еді.
Александр Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 3-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведев немесе рейтингте 17-орындағы болгариялық Григор Димитровтың біреуімен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен әлем чемпионатында Қазақстан жасөспірімдер құрамасының алғашқы жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).